Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер мен Ұлттық ұландықтар ҰОС кезінде қаза болған батырларды еске алды

Алматыда полицейлер мен Ұлттық ұландықтар ҰОС кезінде қаза болған батырларды еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта Даңқ және Мәңгілік алау монументінің жанында салтанатты митинг өтті.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, ІІО ардагерлері мен әскери-патриоттық клубтардың оқушылары Ұлы Отан соғысының батырларын бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.

Ақпараттық-насихаттық тобының жетекшісі, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов пен Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков қан майданда фашистердің басымдығына ерлікпен төтеп берген жауынгерлер құрметіне орнатылған ескерткіштің батырлардың ерліктерін қастерлеу орны екенін атап өтті.

– Алматыға келген ақпараттық-насихаттық тобы жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеруге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізуде. Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бастамасы бойынша өтіп жатқан іс-шаралардың құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер үшін маңызы зор. Осы жұмыс аясында біз бүгін Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алып жатырмыз. Еліміздің қорғауында тұрған жауынгерлердің кәсібилігі тек бейбіт уақытта ғана сыналуын тілеймін, – деді халық қаһарманы Қайрат Жарылқасынұлы.

Іс-шараға Ішкі істер органдарының ардагерлері, Ұлттық ұланның “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің қолбасшылықтары мен жеке құрамы, сондай-ақ Алматы гарнизонының полиция қызметкерлері қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру