Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жауынгерлік самбодан ашық республикалық турнир өтті

Алматыда жауынгерлік самбодан ашық республикалық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – қызметкерлердің дене дайындығын жетілдіру.

Полиция қызметкері азаматтарды қауіп-қатерден қорғап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзінің дене дайындығы дамыған, кәсіби біліктілігі жоғары болуы тиіс. Осы ретте жауынгерлік самбо мен самбо күресі тәртіп сақшыларына әрдайым физикалық тұрғыдан дайындығын жетілдіруге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.

Жақында Алматыда Достық спорт кешенінде Жеңіс күніне орай, сондай-ақ әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты еске алуға арналған ерлер арасында самбо және жауынгерлік самбо күресінен ашық республикалық турнир өтті. 

Бұл байрақты бәсекені республикалық “Генералдар кеңесі” ҚБ, ҚР ІІМ ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесі, “Динамо” ДСҚ-ның Орталық кеңесі және Самбо мен жауынгерлік самбо күресі федерациясы бірлесіп өткізген болатын.

Турнирге Украина, Тәжікстан және Қырғызстанның құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының командалары, сонымен бірге еліміздің облыстарынан 20-дан астам команда қатысты.

Жеке және командалық сынақтар бойынша сынға түсіп, жеңімпаз атанғандар Қазақстан Республикасы Самбо федерациясы мен “Динамо” ДСҚ Орталық кеңесінің кубоктарымен, медальдарымен, дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кетер жайт, осы турнирде Полиция департаменттерінің спортшылары ерекше көзге түсіп, бұл күрес түрлерінен өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетті. Соның нәтижесінде, жалпы командалық есепте бірінші орынды Алматы облысы бойынша ПД, екінші орынды Алматы қаласы ПД, үшінші орынды Павлодар облысы Полиция департаментінің командасы иеленді.

Самбо күресінде 58 келі салмақ дәрежесі бойынша Түркістан облысы ПД қызметкері Еркеғали Қуандық чемпион атанса, екінші орынды ҚР Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің келісім-шарт қызметінің әскери қызметшісі Жасұлан Базарбай иеленді.

88 келі салмақ дәрежесі бойынша финалдық белдесуде күш сынасқан Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкері Әбдіқасым Сахан қарсыласына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты.

Ал Алматы облысы ПД қызметкері Қуандық Есенеев пен Түркістан облысы ПД-ның қызметкері Ерболат Әлиақбаров 88 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, 98 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкері Райымбек Есдәулетов пен Ұлттық ұланның Қарағанды қаласындағы 5451ә/б жауынгері Болат Сапар, 98 келіден жоғары салмақта  белдескен Жәнібек Дүйсембаев (Алматы облысы ПД), Сабыржан Әбділдәұлы да (Түркістан облысы ПД) үшінші орынға табан тіреді.

Жауынгерлік самбодан чемпиондық тұғырға көтерілген полицейлер аз емес. Мәселен, 71 келі салмақ дәрежесінде Бағлан Сарсекенов (Алматы қаласы ПД) 79 келіде Сұлтан Кәкенов (Павлодар облысы ПД), 98 келі салмақ дәрежесінде Қанат Досқуатов (Алматы қаласы ПД) және 98 келіден жоғары салмақта Мәди Досмұхаметов (Алматы облысы ПД) чемпион атағын жеңіп алды.

Осы күрес түрі бойынша тағы алты полиция қызметкері әртүрлі салмақ дәрежесінде екінші және үшінші жүлделі орындарды иеленді. Осылайша жалпыкомандалық есепте Полиция департаменттерінің командалары алға шықты. Он спортшы-полицей Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады.

Қазақстандық “Динамо” ДСҚ 97 жыл бойы құқық қорғау органдары мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің дене даярлығына жәрдем көрсетіп келе жатқанын атап өту қажет.

Қазіргі уақытта 110 мыңнан астам әскери қызметші мен қызметкерлер 445 дене шынықтыру ұжымына біріктірілген.

“Динамо” спорттың 7 түрінен: самбо күресі, қазақ күресі, қоян-қолтық ұрыс, жауынгерлік қарудан ату, президенттік көпсайыс, волейбол және шағын футболдан үнемі спартакиада ұйымдастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру