Алматыда “Жолда қабылдау” акциясына самокат пен мопед пайдаланушылар келді
Алматыда “Жолда қабылдау” акциясына самокат пен мопед пайдаланушылар келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, 13-14 қыркүйекте Алматы қаласында полиция қызметкерлері республикалық “Жолда қабылдау” акциясының кезекті кезеңін оффлайн режимде өткізіп жатыр.
Акция азаматтарға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның ішінде балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу саласында консультативтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
Науқанды ұйымдастырушылар түсіндіргендей, халықпен өзара іс-қимыл жергілікті полиция қызметі мен көші-қон қызметі, сондай-ақ әкімшілік полиция бойынша азаматтарды толғандыратын проблемалық мәселелерді талқылау түрінде жүзеге асырылады.
– Акция Алматыда орташа есеппен 50 мыңнан астам адамды құрайтын мопедтер мен самокаттарды пайдаланушылар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Олардың тәртібі мен мәдениеті жалпы апаттық жағдайға айтарлықтай әсер етеді. Биылғы жылдың басынан бері Алматыда мопедтердің қатысуымен 523 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 535 адам жарақат алып, 11 адам қаза тапты. Ал шаһарда самокаттардың қатысуымен 69 апат орын алған. Оның ішінде 75 адам зардап шекті, – деді Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда “Жолда қабылдау” мобильді полиция бекеттері келесі мекенжайлар бойынша орналасқан:
– Атакент ІЫО (Алматы қ., Бостандық ауданы, Тимирязев к-сі, 42).
– Орталық демалыс саябағы (Алматы қаласы, Медеу ауданы, Гоголь к-сі, 1).