Ақмола облысында “Жолда қабылдау” акциясы өтті
Ақмола облысында “Жолда қабылдау” акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша 15-16 қазан Ақмола облысының аумағында “Жолда қабылдау” акциясы өтті.
– Бұл акция жыл сайын өткізіліп, полицейлердің өздері үшін ғана емес, облыс тұрғындары үшін де дәстүрге айналды. Біз, ең алдымен, полицейлер мен азаматтар арасында диалог орнатуға, полицияға деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған кең ауқымды жұмыс жүргізудеміз, – деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары А. Байтеленов.
“Жолда қабылдау” 20 орында: Көкшетау қаласы ПБ азаматтарды қабылдау бөлмесінде, Полиция департаментінде және облыстың 18 аудан орталығында өткізілді. Азаматтардың сұрақтарына жергілікті полиция, әкімшілік және көші-қон қызметінің қызметкерлері жауап берді.
Алдағы акция туралы облыс тұрғындарына әлеуметтік желілер арқылы ақпарат берілді. Акцияны өткізуге 93 полиция қызметкері қатысты.
Акцияны өткізуге ПД ӘПБ бастығының орынбасары Е. Қошқарбаев, ПД ЖҚПБ бастығы С. Баймұқанов, ПД ЖҚПБ бастығының орынбасары А. Байтеленов, ПД КҚҚБ бастығы А. Мадгулов, сондай-ақ бөлім бастықтары, ПД ӘПБ, КҚПБ, ПД ӨСБ аппараты топтарының аға инспекторлары қатысты.
Екі күн ішінде 495 азамат полицияға көмекке жүгінді. Сұрақтардың басым бөлігі автокөлікті тіркеуге қатысты болды. 126 азамат осындай сұрақпен жүгінді. Облыстың 74 тұрғынын айыппұл төлеу мәселесі қызықтырды, тағы 74 адам жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жүгінді. 52 ақмолалық жүргізуші куәліктерін беру және айырбастау бойынша кеңес алды. Облыстың 25 тұрғыны көші-қон қызметі бойынша сұрақтармен жүгінді. Облыс тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарын Instagram және Facebook тікелей эфирінде қоя алды.
Сонымен қатар, “жедел желі” телефонына 20-дан астам сұрақ келіп түсті, оларға облыс тұрғындары толық жауап алды.
Сондай-ақ, аумақтық құрылымдардың бастықтары тікелей эфирлерде (Instagram) сөз сөйлеп, өз аудандарының тұрғындарына республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда мал ұрлығы мен қаңғыбас малмен болған жол-көлік оқиғаларына жол бермеу бойынша алдын алу туралы түсіндірді, сондай-ақ жүргізушілерге басқа мемлекеттерде тіркелген шетелдік автокөлік құралдарын сатып алу кезіндегі ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратты жеткізді.
Жалпы, бұл акция көптеген ақмолалықтардан оң жауап тапты, өйткені бұл өте ыңғайлы: әлеуметтік желіде сұрақ қою және 1 рет басу арқылы жауап алу.