Ақмола облысының бас полицейі мектептердегі балалардың қауіпсіздігін тексерді
Ақмола облысының бас полицейі мектептердегі балалардың қауіпсіздігін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 тамызда Ішкі істер министрі Е.З.Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылының қарсаңында Полиция департаментінің бастығы облыс орталығындағы бірнеше мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тексерді.
– Мектеп – бұл оқу жылы ішінде балалар мен жасөспірімдер көп уақытын өткізетін орын. Мұнда олар білім алады, үзіліс кезінде демалады, үйірмелер мен сабақтан тыс жұмыстарға қатысады. Сондықтан мектептердегі балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда, – деп атап өтті ПД бастығы А. Х. Баймурзин.
Полиция департаментінің қызметкерлері оқу орындарының қабырғасында да, одан тыс жерлерде де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізуде.
№2 мектеп-лицейдің аумағына реттелетін екі жаяу жүргіншілер өткелі бар. Алайда балалар өз жолдарын қысқартуға тырысып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтеді. Осыған байланысты директор Г.Ж.Әбдіқасымова облыстың бас полицейіне Ғабдуллин көшесіндегі оқушылар үшін жаяу жүргіншілер өткелін жайластыруға көмек сұрап жүгінді. Қазіргі уақытта аталған көшені қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Б.Ғайсамен бірге аймақ полициясының басшысы бұл мәселені қарастыруға уәде берді.
Ішкі істер министрлігі Білім министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарына кіргізуге тыйым салынған заттардың тізбесін әзірледі. Бұл – қару-жарақ, пышақтар, кастеттер, кескіш, жарылғыш құрылғылардың имитаторлары, аэрозольдық бояулар, пиротехникалық құралдар және газ баллондар.
Облыс орталығында мектептерде өткізу режимін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін турникеттер орнатылуда. Бұл тыйым салынған заттарды алып өтуді және бөгде адамдардың мектептерге кіруін болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдарына қойылатын қосымша біліктілік талаптары енгізіледі. Мысалы, Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» көпсалалы мектеп-гимназиясында балалардың қауіпсіздігін «Галион» ЖШС мамандандырылған күзет ұйымы қамтамасыз етеді.
Мектептерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау бойынша үлкен жұмыс атқарылғанын атап өту қажет. Бүгінгі таңда 552 жалпы білім беретін мектеп пен 32 колледж 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Көкшетау қ.ПБ жедел басқару орталығымен Көкшетау қаласының 27 мектебі және Щучинск қаласының жеті мектебі біріктірілді. Кезекші бөлімдердің мониторына облыстың тоғыз мектебі шығарылды. 35 қалалық мектепте және аудан орталықтарының жеті мектебінде, сондай-ақ ауылдық жерлердің сегіз мектебінде мамандандырылған күзет бар.
89 мектепте күзет фирмаларының немесе ҚАПББ кезекші бөлімдерінің пультіне шығатын дабыл батырмалары орнатылған, облыстың тағы 12 мектебінде орнату. Жоспарлануда. «Назар аударыңыз, балалар» акциясы аясында Ақмола облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қала және елді мекендер мектептерінің жанында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні іргелес көше-жол желісіне 552 тексеру жүргізді. Жазғы маусымда мектептердің жанында 50-ден астам жол белгілері ауыстырылды, 10 жасанды кедір-бұдырлық, екі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі жасалды. №5 «Таңдау» мектебіне жаяу жүргіншілер өткелі де бар.