Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ЖКО жасады

Ақмолада көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ЖКО жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

6 маусымда Астрахан ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Новочеркасское ауылының жанындағы Екатеринбург-Алматы автожолының 1137 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түсті. ВАЗ-2114 автокөлігінің жүргізушісі Целиноград ауданының 39 жастағы тұрғыны рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, Ерейментау ауданының 35 жастағы тұрғынының басқаруымен жүріп келе жатқан Nissan автокөлігімен соқтығысқаны анықталды. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, автокөліктерге механикалық зақым келген.

Оқиға орнына келген патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары Б. Беисов пен А. Байдалин жүргізушіден шыққан алкогольдің иісін сезіп, оған медициналық куәландырудан өтуді ұсынды. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ол “орташа дәрежеде” мас күйде болған.

Деректер базасы бойынша тексеру кезінде бұл азаматтың 2019 жылы бес жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. ҚР ҚК 346-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автокөлік қазіргі уақытта айыппұл тұрағына қойылды. Жүргізуші Астрахан ауданының УҰИ-не қамалды.

Ақмола облысында жылдың басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 18 ЖКО орын алды. Сондай-ақ, биыл 36 жүргізуші ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру