Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада көші-қон заңнамасын бұзған 54 адам анықталды

Ақмолада көші-қон заңнамасын бұзған 54 адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Ақмола облысы аумағында осы жылдың 9-11 қарашасы аралығында қоғамдық тәртіпті сақтауға, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған “Құқықтық тәртіп” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. ЖПІШ өткізуге 800-ге жуық тәртіп сақшылары жұмылдырылған.

Арнайы құрылған мобильді топтар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, ойын-сауық мекемелері ауданын және азаматтар көп шоғырланған басқа жерлерді патрульдеуді ұйымдастырды. Облыс жолдарында жол қозғалысын қадағалау күшейтілді, патрульдік полицияның нарядтары тығыздалды. ЖПІШ барысында мас күйінде көлік құралын басқарған 22 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Ақмола полицейлері ЖПІШ-нің екі күні ішінде 1142 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 162 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 126 бұзушы, ҚР аумағында тіркелмей тұрғаны үшін 179, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 54 адам жауапқа тартылды.

Ішкі істер органдарында әртүрлі есептерде тұрған адамдар тұрғылықты жері бойынша тексерілуде. Сондай-ақ атыс қаруының иелері тексерілуде. Тәртіп сақшылары есепке алынған 1122 адамды тексерумен қамтып, жалға берілетін 310 пәтерді тексерді.

ЖПІШ кезеңінде криминалдық полиция қызметкерлері іздеуде жүрген адамдарды, хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың орналасқан жерін анықтау, сондай-ақ басқа да қылмыстарды ашу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырады.

ЖПІШ барысында іздеуде жүрген 2 қылмыскер, сондай-ақ “Нелегал” санаты бойынша есепте тұрған 6 адам ұсталды. Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 32 адам, оның ішінде есірткі заттарын алып жүрген 5 адам, атыс қаруын заңсыз сақтаған 10 адам ұсталды.

Бұдан басқа, саяжай алаптарын, демалыс аймақтарын, құрылыс объектілерін, базарларды, шаруа және фермер қожалықтарын, мал ұстайтын учаскелерді, қыстауларда азаматтарды еңбекке тартып пайдалану фактілерін анықтау тұрғысынан тексеру жүзеге асырылуда. “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру