Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Ақшаңды 2 еселеп беремін”: түлкібастық әйел тұрғындарды алдап кетті

Түркістанның полицейлері алаяқтықпен айналысқан күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-ның кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз азаматтың оның ақшаларын көбейтіп беремін деп, алаяқтық тәсілмен есеп шотына ақша салдырып, қайтармағанын хабарлайды. Аталған жайт бірден Түлкібас АПБ-де ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.

Сақшылар қылмысты дер кезінде ашу мен алаяқ құрбандарының саны одан әрі артып кетпес үшін тәжірибелі қызметкерлердің арасынан тергеп-тексеру тобын құрды. Олар күдіктіні анықтауға бағытталған шаралардың барлығын атқарды.

Нәтижесінде алаяқтық қылмысын жасаған күдікті ретінде Жетісай ауданының жергілікті тұрғыны ұсталды. Ұсталған әйел WhatsApp арқылы арнайы топ ашып, оған әртүрлі адамдарды тіркеп, олардың сеніміне кірген. Содан соң топтағы әрбір адамға өзінің компанияның қызметкерімін деп таныстырып, есепшотын ұсынып, соған ақша салса, белгілі бір мерзім ішінде екі еселенетінін айтып, алдаған.

Күдікті азаматшаға сенген жәбірленуші 60 мың теңге ақшасын есепшотқа аударған. Бүгінгі таңда күдікті азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта ұсталған күдікті әйел қолхатта.

Осы тұста полицейлер тұрғындарға ескертеді: кез келген бейтаныс адамға сенім артып, қажетті деген құжаттарды, жеке мәліметтеріңізді, ақшаларыңызды беруден абай болыңыздар. Сондай-ақ ақша беру, ақша аудару, ақша алу сынды операциялар кезінде мұқият болу қажет. Ақшаны тек белгілі және заңды банктер ғана тиісті мөлшермен еселеп беретінін естен шығармаңыз!
Егер де сіз жоғарыда аталған жайттарға тап болсаңыз, бірден полицияның “102” нөміріне қоңырау шалыңыз. Бүгінгі таңда осы қылмыс түрінің көбеюіне байланысты, қашан да қырағылық танытып, алаяқтардан сақ болуға шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру