Ақтауда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар күдікті ұсталды
Ақтауда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қыркүйекте республикалық "Қарасора – 2026" және "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әріптестерімен бірлесіп, қызметтік ит Кираның көмегімен Ақтау қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдікті азамат түнгі уақытта ойын-сауық орындарының бірінде ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі бойынша бұрын қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталды.
Оның тұрғылықты мекенжайында санкцияланған тінту жүргізу барысында полиция қызметкерлері димедрол дәрілік препаратының ампулаларын, ішінде сұйық заттары бар ыдыстарды, сондай-ақ марихуана қолдануға арналған құрылғыны анықтап, тәркіледі.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу жалғасып жатыр.
