Ақтауда пробация қызметі мен полиция бірлескен профилактикалық кездесу өткізді
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Ақтау қалалық пробация қызметі бөлімінің инспекторлары учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығында “Заң мен тәртіп” қағидатын түсіндіруге бағытталған профилактикалық кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен және әкімшілік қадағалауда тұрған тұлғалармен заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында Ақтау қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нұржан Дүйсенбі сөз сөйлеп, “Заң мен тәртіп” қағидаты қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қатысушыларды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, құқықтық жауапкершілікті сезінуге және қайта құқық бұзушылық жасауға жол бермеуге шақырды.
Кездесудің негізгі мақсаты — азаматтардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұлғалардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету. Іс-шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, заң талаптарын сақтау жөнінде тиісті түсіндірмелер ұсынылды.
