Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында 147 адам коменданттық сағатты бұзған

Ақтөбе облысында 147 адам коменданттық сағатты бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласының және аудан орталықтарының шыға берісінде 10 блок-бекет орнатылды. Үш блок-бекет Ақтөбе қаласында орналасқан, қалғандары аудандарда, олар тәулік бойы қызмет атқарады. Бір тәулік ішінде блок бекеттер арқылы 10 мыңға жуық көлік құралы өтеді. Блок-бекеттерде полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскерилері қызмет атқаруда, олар облыс және аудан орталықтарынан кіріп немесе шығып жатқан автокөліктерді тексереді.

11 қаңтарда Самара-Шымкент автожолында орналасқан блок-бекетінде ер адамның басқаруындағы ГАЗель автокөлігін тексеру кезінде аталған көліктің РФ-да айдап әкетілгені анықталды.

Сол күні Mitsubishi автокөлігін тексеру кезінде 16 калибрлі ИЖ аңшылық мылтығы табылып, тәркіленді. Мылтық иесіне әкімшілік хаттама толтырылды.

Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 147 адам жеткізілді, оның 92-сі әкімшілік жаупкершілікке тартылды.

Билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсетудің, ғимараттарға шабуыл жасаудың, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырудың, терроризм актілерінің барлық фактілері бойынша 11 сотқа дейінгі тергеу басталды, олардың ішінде аса ауыр қылмыстар жасады деген күдік бойынша уақытша ұстау изоляторына жеті адам орналастырылды, олардың бесеуіне қатысты сот “күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, қалғандарына қатысты жедел шаралар мен тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе қаласы мен облыс аумағында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Облыстағы жағдай полицияның толық бақылауында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру