Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында полицейлер оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді

Ақтөбе облысында полицейлер оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандардың түрлі зиянды әдеттерден аулақ болуын қадағалау, жасөспірімдердің қылмыстың құрбаны немесе қатысушысына айналуының жолын кесу – қоғамдағы аса өзекті, әрі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл ретте, білім беру ұйымдарында жүргізілетін профилактикалық  жұмыстар аса маңызға ие. 

Қазіргі таңда өңірде полиция қызметкерлері барлық білім беру ұйымдарын, оның ішінде мектептер мен колледждерді аралап, оқушылармен ашық форматтағы кездесулер өткізіп жатыр.

Мысалы 17 сәуірде Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 гимназияның оқушыларымен  кездесу барысында полиция қызметкерлері балалармен еркін форматта сұхбаттасып, оларға интернет желілері арқылы кәмелетке толмағандарды есірткі сатуда қолдану, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары, балалардың түрлі қылмыстың, оның ішінде, телефон ұрлығы, велосипед ұрлықтарының құрбаны болмауы, түнгі мезгілде олардың өз бетінше көшелерде жүрмеу, өз бетінше үйден кетудің, жалған ақпарат таратудың салдары т.б. туралы айтып берді. Балалар тәртіп сақшыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді талқылады. 

– Біз үшін ең маңыздысы – балалардың қауіпсіздігі, олардың аман болуы, жаман әдеттерден аулақ болу. Еліміздің заңнамасында балалардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар күшейтілуде. Мысалы Мемлекет басшысы осы жылғы 15 сәуірде қол қойған заңға сәйкес, 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады. Балаларға қатысты буллинг пен кибербуллингке де әкімшілік жауапкершілік тағайындалды.  Сондай-ақ, білім беру ұйымдары балаларға қатысты қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті, – дейді Ақтөбе қаласы №2 қалалық полиция бөлімі  бастығының орынбасары Бауыржан Джумашев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру