Ақтөбе облысындағы тергеу изоляторына телефон өткізбек болған азамат ұсталды
Ақтөбе облысындағы тергеу изоляторына телефон өткізбек болған азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
9 маусымда Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 мекемесінде (тергеу изоляторы) режим және жедел бөлім қызметкерлері тыйым салынған заттарды мекеме аумағына жеткізу әрекетінің жолын кесті.
Тексеру барысында келген сәлемдеме мұқият қаралды. Нәтижесінде тауық етінің арасына жасырылған "Samsung" ұялы телефоны анықталып, тәркіленді.
Аталған сәлемдемені жеткізген 39 жастағы азамат ұсталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сот қарауына жолданды.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұялы телефондар мен өзге де тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттері белгіленген режим талаптарын бұзып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты мекеме қызметкерлері тыйым салынған заттардың өткізілуінің алдын алу мақсатында бақылау және тексеру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
ҚАЖД қызметкерлерінің қырағылығы мен жедел іс-қимылының нәтижесінде заңсыз жеткізу әрекетінің жолы кесіліп, мекемедегі режим талаптарының сақталуы қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы профилактикалық және бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
