Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде адвокаттардың тергеу изоляторына кедергісіз кіруі талқыланды

Ақтөбеде адвокаттардың тергеу изоляторына кедергісіз кіруі талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде ҚАЖ департаментінің басшылығы, облыстық прокуратураның өкілдері және өңірдегі қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы, сондай-ақ тергеу изоляторының тергеу-қамауындағы күдіктілер мен айыпталушылардың адвокаттарынан құралған мониторинг тобының көшпелі кездесуі ұйымдастырылды.

Адвокаттардың қорғауындағы күдікті және айыпталушыларымен кездесуі үшін мекемеге кедергісіз кіруін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстарды талқылауды мақсат еткен мониторинг тобының құрамында: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Дулат Жумагельдин, КА-168/1 мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов, облыстық қадағалау бойынша прокурорының көмекшісі Ернар Урекешов, облыстық қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Бақтығұл Қанатов және облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Эльвира Абдулина болды.

Мониторингтік топ көшпелі кездесуде адвокаттардың ҚАЖ мекемелерімен өзара іс-қимылы, тергеу-қамауына алынған және сотталғандардың білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын сақтаудың маңыздылығы жөнінде мәселелерді қарастыра келіп, адвокаттардың қорғауындағы азаматтармен кездесуін ұйымдастыру барысында туындауы мүмкін проблемалық сұрақтарды талқылап, туындаған мәселені шешуге бағытталған нақты ұсыныстарды қабылдады.

Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбедегі КА-168/1 тергеу изоляторында адвокаттардың қорғауындағы азаматтармен кездесуі үшін арнайы бөлмелер қарастырылған. Бұдан басқа, мекемеде ұсталғандар үшін скайп бойынша онлайн режимде заң көмегін көрсету мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру