Ақтөбеде малшы масаң күйде УАЗ Patriot автокөлігін ұрлап кетті
Ақтөбеде малшы масаң күйде УАЗ Patriot автокөлігін ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға шаруа қожалығының басшысы ағымдағы жылдың 23 мамырында ЖШС аумағынан оның УАЗ Patriot маркалы автокөлігі ұрланғанын айтты.
Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар кешенін өткізді, бейне бақылау камералары қаралды. Бейнебақылау камерасы арқылы ұрланған көліктің Ақтөбе қаласына қарай кеткенін көруге болады. Полиция жасағымен автокөлік тоқтатылды. 28 жастағы ЖШС малшысы мас күйінде көлік жүргізген, сонымен қатар күдіктінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ болып шықты. Ақтөбе қаласының әкімшілік соты басқару құқығынсыз және алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін жүргізушіні 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Сонымен қатар аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігі (Автокөлікті заңсыз иелену) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды көліктен кетіп бара жатқанда, барлық есіктер мен терезелер сенімді жабылғанын міндетті түрде тексеруді ескертеді. Сіздің көлігіңізді айдап әкетпеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері автокөлік иелеріне көлікті тіпті қысқа уақытқа қалдырмауға, сигнал беру жүйесін орнатуға және машиналарды күзетілетін тұраққа қоюға кеңес береді.