Ақтөбеде мас әйел бес айлық баласын көшеде қалдырып кеткен
Ақтөбеде мас әйел бес айлық баласын көшеде қалдырып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бүгін түнгі сағат 01:00 шамасында Ақтөбе қаласы №3 полиция бөлімінің кезекші бөліміне бір азаматша бес айлық бала алып келген.
– Бала 8 наурыз көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасындағы орындықта жылап отырды. Мен оның анасының мас күйде белгісіз бағытқа кетіп бара жатқанын көрдім. Ол баланы қалдырып кетті, – деді тұрғын.
Ювеналды полиция инспекторлары дереу жедел жәрдем шақырып, баланың денсаулығын тексеріп, педиатрдың қабылдауын алып, сәбиді “Үміт” балалар үйіне орналастырды.
Бір сағаттай уақыт өткен соң полицияға 25 жастағы анасы телефон шалып, баласының жоғалып кеткенін айтқан. Полицейлер анасын тауып, алкогольдік ішімдік ішкенін тексеріп, тұрмысы нашар отбасы ретінде есепке алды.
Баланың әкесі туралы мәлімет жоқ. Алдағы уақытта инспекторлар әйелдің тәртібін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қарауға құжаттар жанақтап жібермек. Комиссияның шешімі бойынша азаматша баласын сәбилер үйінен алады.