Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация қызметкерлері қарияның пәтерақысын төлеп берді

Ақтөбеде пробация қызметкерлері еріктілер тобымен бірге сотталған қарияның пәтерақысын төлеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабы бойынша сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған 63 жастағы ақтөбелік кейуана, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметіне 2019 жылдың мамыр айында есепке алынды.

Істі болған кейуананы қабылдағысы келмегендіктен, балалары қабылдамай, үйден шығарып жібергендіктен, сотталған қария көпқабатты үйлердің бірінде зейнетақысын пәтерақыға төлеп, күн көріп келеді. Есепте тұрған қарт ананың жағдайын түсінген Пробация қызметі оған қолдау көрсету мақсатында өңірдегі “Добрые руки” еріктілер тобымен бірлесіп, қарияның пәтерақысын төлеп, азық-түлікпен және қажетті киім-кешекпен көмек берді.

– Пробация есебінде тұрған азқамтылған сотталған қарт анаға аталған қайырымдылық іс-шарасын көрсетудегі мақсатымыз – оларды қоғамға бейімдеп, жауапкершілікті сезінуге шақыру.
Осы орайда әлеуметтік көмек беруге арналған ұсынысымызға өңірдегі “Добрые руки” еріктілер тобы қолдады. Сотталған қарт ана белінің ауыратындығына шағымданғандықтан, пробация қызметінің инспекторлары алдағы уақытта сотталған азаматшаға әлеуметтік көмек көрсету бағытында емханамен бірлесіп МРТ-ға тексеріс жасап, мүгедектігін құжаттандыруға атсалысатын болады.
Жалпы, көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созу – ізгі істің үлгісі деп білеміз. Сондықтан, қаламыздағы еріктілер тобымен жасалған екі жақты меморандум аясында өмірдің қиын жағдайына тап болған сотталған азаматтардың қайта қылмысқа бармауы, алдын алу үшін қайырымдылық іс- шараларын жүйелі түрде ұйымдастырылуда, –  дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айғаным Алмағамбетова.

Қиналған кезінде қамқорлыққа бөлеген Пробация қызметіне және еріктілер тобына риза болған сотталған қария, өз алғысын білдірді.

– Менің зейнетақым пәтерақысы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге кететіндіктен, күнделікті азық-түлігім мен киім- кешекке ауыспайды. Осыны ескеріп, үнемі материалдық көмек көрсетіп келетін Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі мен “Добрые руки” еріктілер тобына алғысымды айтамын, – дейді 63 жастағы сотталған қария.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру