Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде Қарттар күнінде қария сотталғандарға қамқорлық жасалды

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 түзеу мекемесі “1 қазан- Халықаралық қарттар күнінде” мекемедегі қарт сотталғандарды назардан тыс қалдырмай, оларға мерекелік концерт ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жалпы, аталған департаменттің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімі түзеу мекемесімен бірлесіп, жыл сайын Қарттар күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да атаулы күн әдеттегідей мерекелік көңіл-күйге толы болды.

Мерекелік шараны ашқан Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімі тобының бастығы Руслан Төлегенов: – Халқымызда “қартын сыйлаған елдің – қазынасы мол” деген ұлағатты сөз бар. Жасы үлкенге құрмет ету – біздің ата дәстүрімізден сақталған жақсы қасиет. Сондықтан, бүгінгідей атаулы күнде сотталған қарияларды департамент және мекеме басшылығы атынан атаулы күнмен құттықтап, дендеріңізге саулық, амандық тілейміз. Үміттеріңізді үзбей, бостандыққа тезірек шығып, отбасыларыңыз бен неремелеріңізге оралуларыңызға тілекшіміз,- дей келе, жасы егде тартқан сотталғандарға “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігі ұсынған бағалы сыйлықтарды табыстады.

Сотталған қарияларды құттықтауға мекемедегі жазасын өтеуші жастар да белсенділік танытты. Олар қарт сотталғандарға тілектерін арнап, әннен шашу шашты. Домбырамен термелер орындап, Махамбет пен Исатай батырдың жырларын жатқа айтып берді.

– Биылғы мереке ерекше аталып өтіп жатыр. Біздің көңілімізді көтеріп, бағалы сыйлықтар да беріп жатыр. Жаза өтеу орнында жүрсек те, бізді елеп, құттықтап жатқаны үшін Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығына және мекеме әкімшілігіне, сонымен қатар шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдіреміз. Ертең осы жерге әйелім менімен кездесуге келеді. Оған осы бағалы сыйлықты көрсетіп, оны да қуантамын және немерелеріммен тезірек қауышқым келетінін жеткіземін, – дейді КА-168/2 түзеу мекемесіндегі 75 жастағы жазасын өтеуші сотталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру