Ақтөбеде сотталғандар арасында шахматтан онлайн-спартакиада өтті
Ақтөбеде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай сотталғандар арасында шахматтан онлайн спартакиада өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/3 мекемесі ұйымдастырған шахматтан онлайн спартакиадасына Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚАЖ департаментіне бағынысты ЕЦ-166/10 мекемесі және Маңғыстау облысындағы ҚАЖ департаментіне бағынысты ГМ-172/8 мекемесі қатысып, атсалысты. Онлайн спартакиада карантин жағдайына байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткізілді.
КА-168/3 мекемесінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің ұйымдастыруымен спорттық жарыс өтетін алаң – Ұлы Абайдың мерейтойына арналып жасақталған: залдың бір бұрышында ақынның туындылары жазылған кітаптар көрмеге қойылса, бөлме ішінде ақынның өлеңдері шырқалып, мерекелік көңіл-күйді білдіріп тұрды.
Ойынға әр мекемеден екі жазасын өтеушіден барлығы алты ойыншы қатысып, жарыс ережесіне сай, әр мекеменің бір қызметкері арақашықтықты сақтай отырып, ойынның жүру барысын қадағалады.
– Сотталғандар арасында шахмат ойынын ұйымдастыру- біріншіден, Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың мерейтойы қарсаңында оның мағынасы терең туындыларын насихаттауға арналса, екіншіден шахмат ойыны тек ақылға ғана салмақ салып қоймай, физикалық мықты дайындықты да талап ететіндіктен, спорттың осы түрі таңдалып алынды. Сонымен қатар, COVID-19 қауіпті індетінен сақтанудың ең бірінші жолы- арақашықтықты сақтау болғандықтан, сотталғандар арасында онлайн түрде шахмат спартакиадасын ұйымдастыруды тиімді, әрі қауіпсіз деп шештік.
Жалпы, ойынға қатысушы барлық жазасын өтеушілер бұрыннан шахмат ойнап жүрген қабілеті бар азаматтар. Бұл спартакиада оларға тиісінше пайдасын береді деп сенеміз,- дейді КА-168/3 мекемесінің бастығы Қанат Алпысбаев.
Сотталғандардың құлшынысын арттырған шахмат ойынын бекітілген жоспарға сәйкес бірінші болып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕЦ-166/10 және Маңғыстау облысындағы ГМ-172/8 мекемелері ашты. Бұдан кейін Ақтөбе облысындағы КА-168/3 мекемесі Маңғыстау облысының ГМ-172/8 мекемесімен бақ сынасты. Ойынның шешуші кезеңінде ЕЦ-166/10 мекемесінің жазасын өтеуші сотталғандары КА-168/3 мекемесінің ойыншыларымен сайысқа түсті.
– Ойын өте қызықты, әділ өтті. Аяғын шалыс басып, жазасын өтеп жатқан біз секілді азаматтар үшін карантин кезінде осындай спорттық жарыстардың маңызы зор. Біріміз шахмат ойнап, екіншіміз жанкүйер болып, бүгінгі уақытымыз қызықты өтіп, көңіліміз бір көтеріліп қалды. Сол үшін осы шараны ұйымдастыруға қатысы бар барлық мекеме басшылығы мен оған қолдау көрсеткен ҚАЖ департаменті басшылықтарына алғысымыз шексіз,- дейді КА-168/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан М.Е. есімді сотталған.
Ойын қорытындысымен, I орынды Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/3 мекемесі жеңіп алса, ІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚАЖ департаментіне бағынысты ЕЦ-166/10 мекемесі ұтып, ІІІ орынды Маңғыстау облысындағы ҚАЖ департаментіне бағынысты ГМ-172/8 мекемесі иеленді.