Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бес жасөспірім айыпталушыға психологиялық көмек көрсетілді

Ақтөбе облысында бес жасөспірім айыпталушыға мекемеде психологиялық көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторлары жыл басынан бері күдікті, айыпталушы бес жасөспірімге сотқа дейінгі пробация жұмысын ұйымдастырып, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетті.

Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы Ақмарал Досанованың айтуынша, жалпы сотқа дейінгі пробация төмендегідей күдіктілерге немесе айыпталушыларға ерікті негізде қолданылады. Олар:

– Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге;
– Мүгедектерге;
– 58 жастағы және одан асқан әйелдерге;
– Жүкті әйелдерге;
– 3 жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдерге;
– 63 жастағы немесе жасы одан асқан ерлерге;
– 3 жасқа дейінгі жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін ер-азаматтарға.

Яғни, жоғарыдағы санатқа жататын айыпталушы азаматтарға түзелу жолында көмек беру, олардың жасаған қылмысының себептерін анықтау, сондай-ақ олардың отбасылық, тұрмыстық және әлеуметтік деңгейлерін зерттеу-пробация қызметінің негізгі міндеттері болып табылады.

 – Сотқа дейінгі пробация жұмысы кезінде Пробация қызметінің инспектор-психологтары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім айыпталушыларға психологиялық кеңестер, психокоррекциялық және психодиагностикалық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, қажет болған кезде инспектормен медициналық көмек те көрсетіледі.
Айыпталушы жасөспірімдерді түзелу жолына түсіру үшін, инспекторлар оларды түрлі дәрістерге, тренингтерге, спорттық іс-шаралар мен тәрбиелік мәні бар семинар-тренингтерге, музыкалық аспаптар үйірмелеріне де қатыстырады. Сол сияқты, айыпталушыға қатысты оқу орнынан немесе жұмыс орнынан жақсы мінездемелер жинап, құжатына тігіледі.
Инспектормен жүргізілген әр жұмыс-айыпталушының негізгі құжатында көрсетіліп, оны соты кезінде тергеуші немесе заңгері баяндамасында оқиды. Көп жағдайда, Пробация қызметкерлерінің айыпталушылармен сотқа дейінгі жүргізген жұмыстары оң нәтижесін беріп, балаларына психологиялық көмек беріп, уақытын тиімді іске жұмсағаны үшін олардың ата-аналары пробация инспекторларына алғыстарын айтып жатады, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы Ақмарал Досанова.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторларымен 2019 жылы сегіз адамға: алты жасөспірім, бір мүгедек және бір зейнеткерге сотқа дейінгі пробация қолданылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру