Ақтөбеде жоғалған 5 жасар баланы полицейлер тапты
Ақтөбеде жоғалған бес жасар баланы полицейлер тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 мамыр күні Ақтөбе қаласы ПБ Жедел басқару орталығының 102 телефоны бойынша сағат 19:30-да үйдің жанында ойнап жүрген бес жасар баланың жоғалып кеткені туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Қоңырау шалған баланың әкесі баланы өз бетінше іздеген, бірақ еш нәтиже болмаған соң, полицияға жүгінді.
Телефон қоңырауы түскеннен кейін ювеналды полиция қызметкерлері дереу іздеуге кірісті. Жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде үш сағаттан кейін Жүргенев көшесінде бала табылып, ата-анасына тапсырылды. Баланың әкесі полиция қызметкерлеріне ұлын іздеуге көмектескені үшін алғысын білдірді.