Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір ұжымда табысқан қос жүрек: ҚАЖ қызметкерлерінің отбасы тарихы

Қызмет жолында танысып, өмір жолында табысқан жандар аз емес. Солардың бірі – құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген Мақсат Жұмабеков пен Нұрзия Қыдырбекқызы, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ортақ қызмет, ортақ жауапкершілік және өзара түсіністік қос жүректің жақындасуына себеп болып, берекелі отбасының негізін қалады.

Екі жас алғаш рет тергеу изоляторында қызмет атқарып жүрген кезде танысқан. Қарбаласқа толы жұмыс барысында олар бір-бірінің мінезін, кәсіби біліктілігін, жауапкершілігі мен қызметке деген адалдығын танып-біледі. Уақыт өте келе әріптестік қарым-қатынас шынайы сыйластыққа ұласып, үлкен сезімге жол ашады.

Кейін Нұрзия Қызылорда қалалық пробация қызметіне ауысқан кезде, көп ұзамай Мақсат та сол бөлімге қызметке келеді. Бір ұжымда еңбек ете жүріп, болашақтарына бірге қадам басуға шешім қабылдаған қос жас шаңырақ көтереді. Осылайша қызмет барысында басталған таныстық өмірлік махаббатқа айналды.

– Әріптесім болған Мақсат өмірлік серігіме айналды. Қазір біз қызметте де, үйде де біргеміз. Құқық қорғау саласындағы жұмыс тәртіпті, жауапкершілікті және табандылықты талап етеді. Сондықтан бір-біріміздің еңбегімізді жақсы түсінеміз. Отбасымыздың басты құндылығы – сенім. Жолдасым өз қызметіне ерекше жауапкершілікпен қарайды. Ол тек жұмыста ғана емес, отбасында да тәртіп пен татулықты сақтай білетін жан, – дейді Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы,Нұрзия Қыдырбекқызы.

Бүгінде Мақсат пен Нұрзия өз отбасының ғана емес, қоғам тыныштығының да сенімді тірегіне айналып отыр. Қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін бірге көтеріп жүрген олар әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп, түсіністік пен сыйластықты өмірлік ұстанымға айналдырған.

Мақсат Жұмабеков қазіргі уақытта Қызылорда қалалық пробация қызметінің ювеналдық тобының инспекторы ретінде абыройлы қызмет атқаруда. Әріптестері оның кәсібилігін, еңбекқорлығын және қызметтік міндетіне деген адалдығын жоғары бағалайды.

Құқық қорғау саласында еңбек ету үлкен төзімділік пен табандылықты талап етеді. Осындай жауапты қызметті атқара жүріп, отбасы құндылықтарын сақтап, берекелі шаңырақ қалыптастыра білген жас жанұя көпшілікке үлгі болары сөзсіз.

Бір мақсат пен бір міндет жолында табысқан қос жүректің тағдыры – адалдық пен махаббаттың, сенім мен сыйластықтың жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру