Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арыста бұрынғы енесінің атынан заңсыз несие рәсімдеген келін анықталды

Арыста бұрынғы енесінің атынан заңсыз несие рәсімдеген келін анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын шағым түсіріп, өзінің бұрынғы келінін қылмыстық жауаптылыққа тартуды сұраған. Әйелдің айтуынша, оның атынан келіні ажыраспай тұрып, 2020 жылдың тамыз айында заңсыз 50 мың теңге несие алған. Бүгінде бұл қарыз өсіп кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері 190-бап (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.

Жедел-іздестіру шараларына кіріскен полицейлер осы құқық бұзушылықты жасаған жас әйелді табуға қажетті шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде алаяқтыққа күдіктіні Түркістан қаласынан тауып, АПБ-не жеткізді. Ол өз кінәсін толық мойындады.

Тергеу барысында анықталғандай, келін өзінің басқа банктегі қарызын жабу үшін, енесінің жеке мәліметтерін пайдаланып, оның ұялы телефоны арқылы несиеге ұсыныс жіберген. Содан мақұлдаудан кейін, ақшаны өзіне аударып алған. Бас шарасы “міндеттемеде”.

Барлығыңызға мәлім, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа түрі – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы жымысқы әрекеттерді жасайды. Сондықтан барынша сақ болыңыз! Кез келген адамға сенбеңіз, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпаңыз.

Қандай да бір алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабар беріңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру