Әсерлі кадр үшін қауіпке барған: Павлодарда жүргізуші мен жолаушылар жазаланды
Павлодарда әлеуметтік желіге әсерлі бейне түсіру мақсатында жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған жүргізуші мен жолаушылар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Бейнежазбадан көлік қозғалысы кезінде жолаушылардың артқы есіктерді ашып, көлік салонынан сыртқа шыққаны көрінеді. Мұндай әрекет олардың өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына нақты қауіп төндіреді.
Полиция қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, көлік жүргізушісінің жеке басын анықтады.
– Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көліктегі жолаушыларға да қатысты тиісті шаралар қабылданды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полиция әлеуметтік желіге контент әзірлеу немесе көп қаралым жинау үшін қауіпсіздік талаптарын елемеуге болмайтынын ескертеді. Бір сәттік әсерлі кадрдың соңы орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін.
Жол – көрілім жинайтын алаң емес. Қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген әрекет жауапкершілікке әкеп соғады.
