Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада өрт қауіпсіздігіне арналған жабдықтарды ұрлаған күдікті ұсталды

Елордада полицейлер өрт қауіпсіздігіне арналған құрал-жабдықтарды ұрлаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үй кешендерінде орын алған ұрлық дерегі бойынша елордалық тәртіп сақшылары шұғыл әрекет етті. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде өрт қауіпсіздігіне арналған арнайы құрал-жабдықтарды жымқырған күдікті қолға түсті.Тергеу барысында белгілі болғандай, 30 жастағы ер адам бұрын сотты болған және осы тұрғын үй кешендерінің бірінде жұмыс істеген. Ол құрылыс қызметкерінің арнайы киімін киіп, тұрғындардың сенімін теріс пайдаланып, көпқабатты үйдің әр кіреберісін аралап шыққан. Сөйтіп, қабырғаларға орнатылған өрт сөндіру құрылғыларын – атап айтқанда, өрт сөндіру жеңдерін (пожарный рукав) шешіп алып, көлігіне тиеп, еш кедергісіз басқа қалаға шығып кеткен.

Қаскүнемнің бұл әрекеті салдарынан тұрғын үй кешеніне жалпы сомасы 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

Нұра аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел із кесіп, күдіктіні өзге өңірде ұстады. Жүргізілген тінту барысында ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленіп, қалғанының сатылып кеткені анықталды. Ал одан түскен ақшаны күдікті өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелеріне жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ көпқабатты үйлердің ортақ мүлкіне ұқыппен қарауға шақырады. Кез келген күмәнді жайтты дер кезінде полицияға хабарлау – қоғам қауіпсіздігінің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру