Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жалға алған көлікті сатып жіберген алаяқ құрықталды

Астанада жалға алған көлікті сатып жіберген алаяқ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияға қала тұрғыны жүгініп, бейтаныс адам оған көлік сатуға уәде беріп, ақшасын иемденіп кеткені туралы арызданған.

Тергеу барысында “сатушы” оған Kia Rio автокөлігімен келіп, оны төмен бағамен сатып алуды ұсынғаны анықталды. Төмен бағаға қызығып, ер адам көлік сатып алуға келісіп, оған кепілдік ретінде 3 млн теңге берген. Ақшаны алғаннан кейін, күдікті бір-екі күнде оның атына көлікті рәсімдеп, ақшаның қалған бөлігін алуға уәде берген, бірақ алдын-ала төлемді алып, жоғалып кеткен. Алданып қалған сатып алушы полицияға жүгінген.

Белгілі болғандай, күдікті көлікті бір аптаға жалға алып, пайда табу үшін кепілдікке ақша алып, көлікті сатпақшы болған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері елорданың 34 жастағы тұрғынын анықтады.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру