Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астаналық полицейлер мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы көңіл көтеру мекемелерінің қауіпсіздік рейтингін әзірледі

Астаналық полицейлер мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы көңіл көтеру мекемелерінің қауіпсіздік рейтингін әзірледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласының полиция департаменті “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы мен “Астана Инновейшн” компаниясының қолдауымен “көңіл көтеру мекемелерінің қауіпсіздік рейтингі” ақпараттық сервисін әзірледі.

Жоба пилоттық режимде іске қосылды. Мемлекет басшысының “азамат-қоғам-мемлекет” триадасындағы қатынастарды тереңдете қайта құру туралы тапсырмаларын ескере отырып, бизнес қоғамдастық өкілдерімен әріптестік қатынастарды жолға қою қажеттілігі негізге алынды.

– Рейтинг тек ұсынымдық сипатқа ие, қандай да бір жауапкершілікке тарту көзделмеген және бизнеске әкімшілік қысым көрсетуге бағытталмайды, – деп атап өтті Астана қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов.

Онда азаматтардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бизнес иелері қабылдайтын шаралар көрсетіледі. Бейнебақылау, мамандандырылған күзет, дабыл батырмасы, көше жарығы, өрт сөндіру жүйелері мен құралдарының, қосалқы шығулардың болуы назарға алынады. Бұл шаралардың барлығы кәсіпкерлерді өз клиенттеріне қамқорлық жасауға және олардың қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге ынталандыруға арналған.

Өткен жылы көңіл көтеру мекемелерінен 16 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, олардың әрқайсысына полиция қызметкерлері жіберілді. Мәселен, 610 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған, 700-ден астам ұрлық және 300-ден астам өзге де құқық бұзушылық жасалды.

Сонымен қатар, 5 мыңға жуық адам көңіл көтеру орындарында болған түрлі жанжалдар мен ұрыстарға байланысты көмек сұрап жүгінген.

Астана қаласының полиция департаменті қабылдап жатқан шаралар құқық бұзушылықтар санын азайтуға және көңіл көтеру мекемелерінің аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Қосымша 21 ақпан күні Smart Astana алаңында орналастырылды, онда кәсіпкерлер дербес тіркеліп, қажетті мәліметтерді толтыра алады, деректерді өңдегеннен кейін олар рейтингке енгізіледі. Елорда тұрғындары мен қонақтары рейтингпен танысып, сол қосымшадағы ең қауіпсіз мекемені таңдай алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру