Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астаналық полицейлер “Міндет. Абырой. Ерлік” атты көркемөнерпаздар вокалдық байқауына қатысты

Астаналық полицейлер “Міндет. Абырой. Ерлік” атты көркемөнерпаздар вокалдық байқауына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордалық полицейлер әндерді орындау арқылы Абай дәуірінен қазіргі кезеңге дейінгі қазақ өнеріне өзіндік тарихи шолу жасады.

Байқауға қатысушыларды Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Госман Жакин төрағалық еткен білікті қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының қатарында Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, халықаралық және республикалық байқау-фестивальдердің лауреаты, педагогика және музыка ғылымдарының магистрі Гүлбаһрам Мұсабекова, “Мәдениет саласының үздігі”, полиция департаменті вокалдық тобының көркемдік жетекшісі – Ғалия Садымова, Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты – Талғат Аллабиринов сияқты көрнекті тұлғалар бар.


Көрермендер полицейлердің жанға жайлы әндерін тыңдап, домбырамен орындалған көркем күйден ләззат алып, байқаудың атмосферасына енді.

– Елордалық полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіпті қорғап, қылмыстың бетін ашады, қиын жағдайда қалған адамдарға көмекке келеді. Соған қарамастан, қатарымызда түрлі іс-шараларға қатысып жүрген шығармашылық қызметкерлер көп. Өйткені, заманауи полиция қызметкері жан-жақты жетілуі керек, – дейді Госман Жакин.

Оған дәлел, жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы, полиция старшинасы Мамырбек Лесханның “Аманат” әнімен өнер көрсетуі, кинологиялық қызмет орталығының кинолог инспекторы Тауасар Мақсат пен кезекші инспектор Алмат Ермағамбеттің “Ауылға сағыныш” композициясын орындауындағы дуэт, сондай-ақ, Алматы ауданы полиция басқармасының анықтаушысы Назгүл Шолтаеваның орындауындағы ән.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Бірінші орынды Алматы ауданы полиция басқармасының анықтаушысы Назгүл Шолтаева “Осындай жұмыс” әнімен жеңіп алса, екінші орынды Есіл ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің инспекторы Әлия Әлиасқарға “Әлия” әні, үшінші орынды жедел әрекет ету арнайы жасағының аға инспекторы Бауыржан Серік “Қазағым, қасиетінен айналайын” әнімен қанжығасына байлады.
Байқау полиция қызметкерлеріне өздерін шығармашылықта көрсетуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру