Атырау облысы бойынша ҚАЖД-да Ұлттық домбыра күніне арналған тағылымды іс-шара өтті
Ұлттық домбыра күні мен қазақтың көрнекті күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына орай тағылымды мәдени іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық өнерді дәріптеуге арналған мерекелік шара Махамбет пен Исатай алаңында өтті.
Іс-шара барысында №79 мекеменің қызметкерлері бір мезетте қолдарына домбыра алып, қазақтың халық күйлері мен белгілі туындыларын орындады. Күмбірлеген күй көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің құдіреті мен өміршеңдігін тағы бір мәрте паш етті. Қатысушылар күй орындау арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасына деген құрметін білдіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлестерін қосты.
Домбыра – қазақ халқының рухани болмысын, тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын бойына сіңірген қасиетті аспап. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан күй өнері халқымыздың өмірімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан Ұлттық домбыра күні – өнер мерекесі ғана емес, ұлттық бірегейлікті ұлықтайтын, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен мәдени мұраға деген құрметті қалыптастыратын маңызды мереке.
Биылғы мерекенің Дина Нұрпейісованың 165 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі іс-шараның мазмұнын одан әрі тереңдете түсті. Қазақ күй өнерінің тарихында өшпес із қалдырған ұлы күйшінің шығармалары бүгінде ұлттық мәдениетіміздің алтын қорынан лайықты орын алған. Оның бай мұрасы кейінгі ұрпаққа рухани азық болып, ұлттық өнердің мәңгілік құндылық екенін айқын көрсетеді.
Осындай тағылымды бастамалар халықтың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, мәдени мұраны сақтауға әрі оны кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Ұлттық домбыра күні аясында өткен бұл мерекелік шара күй өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтап, қатысушылардың жүрегінде ерекше әсер қалдырды.
