Атырау облысы ПД бастығы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Атырау облысы полиция департаментінде өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамды шынайы әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етудегі, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жұртшылық арасындағы ашықтық пен өзара сенімді нығайтудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Департамент бастығы өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметінің ашықтығын қалыптастыру бағытындағы ақпараттық қолдауы құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ журналистерге сындарлы әріптестік пен жемісті ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.
Шара барысында өңірдің ақпарат саласын дамытуға, полиция қызметінің жұмысын жан-жақты насихаттауға және қоғаммен тиімді ақпараттық байланыс орнатуға қосқан үлесі үшін бірқатар журналист пен Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкерлері департамент бастығының "Алғыс хатымен" марапатталды.
