Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында 700 мың теңгеге жуық айыппұлы бар жеті жүргізуші анықталды

Атырау облысында 700 мың теңгеге жуық айыппұлы бар жеті жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Елімізде жол ережесін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында “Қорғау – Қауіпті жүргізуші” бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл бағдарлама Атырау облысында мамыр айынан бастап іске қосылды. Бұл жүйенің ерекшелігі жол ережесін бұзған және көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз жүргендерді бірден анықтайды. Жүргізушілер тәртібін арттыруда, жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтайтын “Қорғау – Қауіпті жүргізуші” секілді автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады.

Мәселен, “Қорғау – Қауіпті жүргізуші” бағдарламасының көмегімен мамыр айынан бері Атырау қаласының аумағында үш мыңға жуық құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Оның ішінде жалған мемлекеттік нөмір тағып, көлік жүргізген – 10, көлік құралын басқару құқығынан айырылған 38 жүргізуші, сақтандыру полиссіз жүрген 2569 жүргізушіге әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу белгілері жоқ күйде көлік басқарған бес жүргізуші анықталып, әкімшілік хаттама жасақталып, 500-ге жуық автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Бүгінде бірнеше айыппұлды қатар арқалаған жүргізушілер көбейген.

Мәселен, бір ғана Gelly автокөлігінің 121 600 теңге көлемінде төленбеген 16 айыппұлы анықталып, айып тұрағына қойылған. Атырау қаласының Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлері бір апта ішінде 700 мыңға жуық төленбеген айыппұлы бар 7 автокөлікті анықтаған. Бұның ішінде әр автокөліктің кем дегенде 10 айыппұлы бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру