Атырау облысының бас полицейі аудандағы қызмет барысымен танысты
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев жұмыс сапарымен Құрманғазы ауданына барып, аудандық полиция бөлімінің қызметімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында департамент басшысы жеке құраммен кездесіп, өңірдегі криминогендік ахуалды, қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полиция қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар учаскелік полиция пункттері мен бекеттердің материалдық-техникалық жағдайымен танысты.

Сондай-ақ Құрманғазы аудандық полиция бөлімі үшін жаңадан салынатын әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңын аралап, құрылыс жұмыстарының барысы мен алдағы жоспарларды зерделеді.

Жұмыс сапары аясында Құрманғазы және Ақкөл ауылдарының ардагерлерімен, белсенді тұрғындарымен және жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін тыңдады. Бұдан бөлек, Бөкейхан ауылындағы шеп бекетіне барып, патрульдік полиция ротасының қызметімен танысып, қызметкерлердің жұмыс жағдайын бағамдады.

Сапар қорытындысында азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына ерекше назар аударылып, халықпен өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру және полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.

