Атырауда бір күнде 700-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Атырауда бір күнде 700-ден астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік жүргізушілерінің қысқы маусымға дайындығын тексеру мақсатында 2-4 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз дөңгелек» атты рейдтік акция өтуде. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алуға бағытталған.
Акцияның алғашқы күнінде-ақ 712 құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, 26 автокөлік айып тұрағына қойылды. Нақтырақ айтқанда:
61 жүргізуші техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сай келмейтін немесе пайдалануына тыйым салынған ақаулы көліктерді басқарған;
485 дерек жылдамдықты асыруға байланысты тіркелді;
24 жүргізуші қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдаланбаған;
11 адам көлікті жүргізу құқығы жоқ болса да басқарған;
39 жаяу жүргінші және басқа жол қозғалысына қатысушылар жол ережесін бұзған.
Бұл акция көлік құралдарын пайдаланудағы жауапкершілікті арттырып, жол қауіпсіздігі мәдениетін нығайтуға үлес қосуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.