Атырауда құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген 42 шетелдік анықталды
Атырауда құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген 42 шетелдік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Нелегал-Кордон» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Атырау қаласы Полиция басқармасының көші-қон қызметкерлері құрылыс объектісінде заңсыз қызмет істеп жүрген Өзбекстан Республикасының 42 азаматын анықтады. Қазіргі уақытта шетелдік азаматтар қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
– Үш күн ішінде барлығы 386 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін сот шешімі бойынша елден 7 шетелдік шығарылды. Сондай-ақ, «Нелегал-Кордон» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Қазақстан Республикасының 98 азаматына қатысты халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін және ҚР заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін және көшіп келушілерді еңбекке тартқаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мәжбүрлеп шығару үшін арнайы қабылдау орнына алыс шетелден келген бір азамат және екі ТМД азаматы орналастырылды, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Іс-шара барысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың 2 фактісі анықталды және қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.