Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда сотталған әйелдер ағылшын тілін меңгеруде

Атырауда УГ-157/11 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған әйелдер ағылшын тілін меңгеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматшалар ағылшын тілін қарқынды меңгеруде. Сондай-ақ олар бизнес курсын да оқып жатыр.

– Пандемияға байланысты дәрістер онлайн режимде және барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіліп келеді. Шараның басты мақсаты – сотталған әйелдердің жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін қалыпты өмірге тезірек оралуына ықпал ету, – дейді мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Ұлмекен Алиева.

Мысалы, Балауса адам өміріне қасақана зиян келтіргені үшін сегіз жылға сотталған. Ол ағылшын тілі курсына қатысып қана қоймай, мекеме кітапханасынан ағылшын тіліндегі кітаптарды алып, тілін жаттықтыруда.

– Жазамды өтеп жатсам да, ағылшын тілі курсына қызығушылықпен қатысамын. Тілді меңгеру арқылы бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа оңай тұра аламын. Бізге осындай мүмкіндік туғызып отырған мекеме әкімшілігіне алғысымыз шексіз, – дейді сотталған Балауса.

Ақпан айында онға жуық сотталған азаматшаға ағылшын тілін меңгергені туралы сертификаттары табысталатын болады.

Қазіргі уақытта мекемеде 150-ден астам әйел жазаларын өтеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру