Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда отбасылық жанжал полицияның көмегімен шешілді

Павлодар облысында әке мен бала арасында орын алған жанжалға полицейлердің араласуына тура келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жанжалдар әр отбасында болады, бірақ, өкінішке орай, кейбір жағдайларды ішкі істер органдары қызметкерлерінің араласуымен шешуге тура келеді.

Жақында осындай отбасылық жанжал Баймолдин көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінде орын алды.

Отбасы мүшелері жағдайды полициясыз шеше алмайтын деңгейге жетті. Қарт адам көмек сұрап, кезекші бөлімге қоңырау шалды. Ол жанжал шығарған ұлына шағымданды.

– Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері қарт адамның қатты мас болып, ұлын ашуландырғанын анықтады. Соның салдарынан түсініспеушілік пайда болып, ауызша жанжал баласының әкесіне қол көтеруіне дейін жеткен, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Полиция қызметкерлері жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі (Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын айтты.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері отбасылық қақтығыстар туралы мұндай хабарламалардың полицияға күн сайын келіп түсетінін және көбінесе оның себебі алкогольді ішімдіктерді қолданумен байланысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру