Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда учаскелік полиция инспекторлары жоғалған 5 жасар баланы тапты

Атырауда учаскелік полиция инспекторлары жоғалған 5 жасар баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 сәуір күні сағат 19:30 шамасында егде жастағы азаматша № 15 учаскелік полиция бекетіндегі полиция инспекторларына қоңырау шалып, өзінің 5 жасар немересінің қас-қағым сәтте жоғалып кеткендігі туралы арызданған. Кәмелетке толмаған баланың әжесі оның Мұнайшы ықшам ауданындағы азық-түлік дүкеніне кірген бетте баланың өз бетімен ойнап кетуі мүмкін екендігін айтқан.

Жоғалған баланы іздеу үшін полиция қызметкерлері барлық полиция учаскелеріне бағыт-бағдар беріп, адамдар көп жиналатын орындарды, жақын маңдағы аудандарды тексерді. Тәртіп сақшылары санаулы минуттардың ішінде баланы Геолог поселкесі Жаңалы көшесінің бойында жалғыз өзі ​ жылап келе жатқан жерінен тауып,​ ата-анасына табыстады.

– Өмірімізге жарқын сәт сыйлаған №15 учаскелік полиция инспекторлары Ғизатолла Рахметов пен Өмірзақ Махановқа шын ниетіммен алғыс айтқалы отырмын. Өмірдің жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін мына заманда отбасымыз бір мезетте қиын жағдайға душар болдық.​ Өз бетімізбен іздеу еш нәтиже бермейтінін түсініп, дүкен сөресінде ілінген жадынамаға көзім түсіп, полиция инспекторларының нөміріне қоңырау шалдым. Лезде жауап берді, дереу әрекет етті. Жақыныңды, бауырыңды бір мезетте жоғалту өмірдің бар шырағы сөніп, бейне бір су қараңғылықта дәрменсіз күйде қалу екенін түсіндім.​ Осы кезде полицейлер жоғалған баламды әкеліп берді. Сіздердің отбасыңызға бар жақсылықты тілеймін. Еңбектеріңе табыс, елдің алғысына бөленіп жүре беріңіздер, – деді баланың анасы Гүлжихан Хуресова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру