Атырауда жасанды интеллект көмегімен есірткіге қарсы бейнероликтер байқауы өтті
Атырауда жасанды интеллект көмегімен есірткіге қарсы бейнероликтер байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру және заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мақсатында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп "Есірткісіз жарқын өмір" тақырыбында бейнероликтер байқауын ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу.
Байқауға 20-дан астам мектеп оқушысы қатысып, белгіленген талаптарға сәйкес жасанды интеллект пен заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, есірткінің зияны мен оның қоғамға тигізетін кері әсерін бейнелейтін мазмұнды бейнероликтер әзірледі.
Қазылар алқасының шешімімен үздік жұмыстар анықталып, жүлделі І, ІІ және ІІІ орын иегерлері марапатталды. Жеңімпаздарға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің атынан алғыс хаттар табысталып, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан бағалы сыйлықтар берілді.

Айта кету керек, жыл басынан бері тәртіп сақшылары Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға бағытталған 50-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді.
Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
