Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ауған алауы жадымызда: ІІМ мұражайында жас қызметкерлерге ерлік сағаты өткізілді

15 ақпан – кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Ұзақ жылдарға созылған шайқас әлі күнге дейін азаматтардың жадында.

Тарихи күнге орай ІІМ мұражайында дәстүрлі түрде патриоттық шара өткізілді. Ерлік сабағына мамандандырылған күзет қызметі басқармасының, дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі және мемлекеттік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полктерінің жас қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп сақшылары кеңестік әскердің ауған еліне қалай көмектескені жайында мол мағлұмат алды. Соғыс сергелдеңіне түскен жұртқа қол ұшын созған жауынгерлер ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті.

ІІМ мұражайының ғылыми қызметкері Алмагүл Сатмағанбетованың айтуынша, ол кезде Кеңес Одағының милиция офицерлері де шетте қалмай, ауған милициясының жеке құрамын дайындауға белсенді көмек көрсеткен.

– Соғыс кезінде Ауғанстанға кеңес милициясының 3900-ден астам қызметкері жіберілді. Жауынгерлік міндеттерді үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі үшін ішкі істер органдарының 1357 қызметкері КСРО ордендерімен және медальдарымен, 1497 қызметкер Ауғанстанның естелік белгісімен марапатталды, – деді ол.

Соғысқа қатысушыларды еске алу мақсатында полицейлерге “Қапшағайдан Кабулға дейін” деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Ол Қапшағай қаласында құрылып, соғысқа аттанған КСРО Қарулы Күштерінің Бас Барлау басқармасының арнайы мақсаттағы жеке отрядының тарихы туралы баяндайды.

– Қазіргі уақытта ауған соғысы туралы пайымдаулар әртүрлі болғанымен, бір нәрсе анық – кеңес әскерінің жауынгерлері мен ішкі істер органдарының қызметкерлері шет елде өздерінің халықаралық борышын абыроймен орындады. Олар көпшіліктің құрметіне лайық, – деп атап өтті ІІМ мұражайының ғылыми қызметкері Алмагүл Сатмағанбетова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру