Автожолдарды күтіп ұстау талаптарын орындамаған 124 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды
Алматы облысында жолдар мен жол құрылыстарын кешенді тексеру нәтижелерінен кейін 124 лауазымды тұлға жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында 19 097 км жалпы қолданыстағы автожол бар, оның ішінде: 2 822 – халықаралық және Республикалық маңызы бар, 6 135 – облыстық, 1 835 – аудандық маңызы бар, 8 170 км – елді мекендердің көшелері және 135 км – шаруашылық жолдар.
– Жолдарды тиісінше күтіп-ұстамау және уақытылы жол жабындыларына қызмет көрсетпеу жол-көлік оқиғаларына ықпал еттетін бірден-бір себептердің бірі. Жыл басынан бері жол-техникалық инспекция бөлімшелері жалпы пайдаланымдағы автожолдарға 870-тен астам тексеру жүргізді. Нәтижесінде 877 ұйғарым шығарылды, оның ішінде 123 республикалық, 191 жергілікті жолдар бойынша және 563 көше-жол желілері бойынша. 3 235 ақау анықталды. Автожолдарды күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамағаны үшін жол ұйымдарының 124 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұйғарымды орындамаған Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы, сондай-ақ үш заңды тұлға: «Қазақавтожол» ЖШС, «ТЕДА» ЖШС, «Талдықорған жолдары»ЖШС жауапкершілікке тартылды. «Nur Otan» облыстық филиалы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» орталығында жолдарды тиісті дәрежеде ұстау мен қызмет көрсетудің өзекті мәселелері қаралды, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.
Берілген ұйғарымдар бойынша жол ұйымдары ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап республикалық жолдарда күн батареяларынан жыпылықтайтын 1 300 бірлік катофот, 710 дана сигнал бағаналары, 2 600 шаршы метр осьтік (шеткі) және 350 шаршы метр жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілері орнатылды. 2 200 метр қоршау ауыстырылды (қисық сызықты брус) және шұңқырларды жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.
Қолда бардан өзге, биыл 80 дана жарықдиодты белсенді жол белгілерін орнату – (3.24 «Ең жоғары жылдамдықты шектеу», 5.16.1 «Жаяу жүргіншілер өткелі») және 4 500 дана күн батареясынан жыпылықтайтын катофот, 80 дана буфер, айнымалы ақпараты ақпараттық-электронды табло, шулы жолақтар мен қайталанатын жол белгілерін салу, жолдың жүру бөлігі алдындағы жаяу жүргінші өткелдерін орнату жоспарланған. Келешекте сегіз жер үсті жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып жатыр. Облыстық автожолдарда және көше-жол желілерінде 1014 дана жол белгілері орнатылып, 11 618 шаршы метр жол таңбалары салынды және 2 797 шаршы метр жол жүру бөлігіндегі ақаулар жойылды.
– Еңбекшіқазақ ауданында «Есік-Саймасай» автожолының алты шақырымында жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Бұл учаске ЖКО шоғырлануы бойынша апаттық-қауіпті болып табылады және көбінесе жаяу жүргіншілердің қатысуымен оқыс оқиғалар орын алады. Сондай – ақ, Қарасай ауданының Шамалған бекетінде темір жол арқылы өтетін жер үсті жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды Молдаханов.
Полиция департаментінде автомобиль жолдарын тексеру Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерімен бірлесіп ай сайын жүргізілетінін атап өтті.