Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Азаматтарды қауіптен құтқарған 9 атыраулық полицей медальдармен марапатталды

Азаматтарды қауіптен құтқарған тоғыз атыраулық полицей медальдармен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 маусым Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында өз қызметтік міндеттерін адал атқарып, азаматтардың өмірін ажалдан құтқаруда көрсеткен батылдығы мен ерлік іс-әрекеттері үшін Атырау облысы Полиция департаментінің бір топ қызметкерлері Ішкі істер министрі Е. З. Тұрғымбаевтың бұйрығымен әрқайсысы “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен наградталған болатын.

Бүгін Атырау облысының Полиция департаменті бастығы Қ. Б. Үмбетқалиев аталған қызметкерлерге марапаттарын салтанатты түрде табыс етті.

– Өз өмірлеріңізге төнген қауіпке қарамастан адамдар өмірін құтқаруда көрсеткен батырлығыңыз бен ерлігіңізге алғыс білдіре отырып, бұл іс-әрекеттеріңіз Антыңызға берік, атқарып отырған қызметтеріңізге шынайы адалдығыңызды дәлелдейді, – деді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылғы 14 сәуір күні сағат 01:30 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы А. Каиргалиев қала ішіндегі көп қабатты үйлердің бірінде пәтер ішінде кілттеніп қалған жасөспірім қыздың өміріне төніп тұрған қауіп қатердің алдын алу мақсатында, көп қабатты үйдің төртінші қабатынан үшінші қабатына қылтима арқылы түсіп, пәтер ішіне кіріп, оқыс оқиғаның алдын алды.

2021 жылғы 11 сәуір күні сағат 04:10 шамасында “Қайсар” түнгі тосқауыл қызметкерлері құрамында А. Т. Шахаев, А. А. Тойғұлов, Ж. Н. Тулепов және А. М. Марат өздеріне бекітілген әкімшілік аумақты патрульдеу кезінде Жылыой аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімінен Құлсары қаласының көп қабатты үйлерінің бірінде өрт шыққандығы туралы хабарлама түседі.

Полицейлер оқиға орнына жеткенде көп қабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінде электр тоғына ақау түсіп, үйдің ішін қою түтін басқан. Полиция қызметкерлері өздерінің өмірлеріне төнген тікелей қауіп қатерге қарамастан жедел әрекет жасап, өрт шыққан және көршілес пәтерлердің тұрғындарын сыртқа шығарған. Полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктері және жасаған ерлік іс-әрекеттерінің нәтижесінде тілсіз жаудан 14 адамның (оның ішінде 10 жасөсіпірім) өмірі құтқарылды.

2021 жылғы 16 наурыз күні сағат 01:00 шамасында Атырау облысы Құрманғазы ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылындағы үйлердің бірінде өрт болып жатырғанын дер кезінде байқаған учаскелік полиция инспекторлары Рахимов Талғат пен Махмудов Біржан және  Қадырбев Бақытжан қырағылық танытып, бір сәтке де ойланбастан, өздерінің өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан аталған тұрғын үйдің ішінен төрт ересек адам мен үш баланы сыртқа шығарып өрттен құтқарған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өздерінің кәсіби шеберліктерін танытып, өрттің бетін қайтарған.

2021 жылғы 11 наурыз күні сағат 20:00 шамасында Атырау қаласы Балықшы ықшам ауданы маңында 15 жастағы екі жасөспірім Жайық өзенінің мұзы ойылып суға түсіп кеткен. Балалардың көмек шақырған дауыстарын естіген полиция қызметкері А. Кабдуллаев өзінің өміріне төнген қауіпке қарамастан дереу балаларды құтқаруға кіріскен. Мұздай судан әлсіреген балалардың өз күштерімен судан шығуға шамалары келмеген. Екі жасөспірімді судан алып шыққан соң, А. Кабдуллаев оларды жақын жердегі өз үйіне апарып, денелерін жылытып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртқан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру