Балалар қауіпсіздігі: ШҚО-да тұрғындарға 100-ден астам жадынама таратылды
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен бірлесе отырып, балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғын үй аулаларында профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында тұрғындарға жас балаларды қараусыз қалдырмау, ашық терезелерге қолжетімділікті шектеу және оларға арнайы қорғаныш бекіткіштері мен ысырмаларды орнату секілді негізгі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Профилактикалық жұмыстармен 40-тан астам аула қамтылып, тұрғындармен түсіндіру әңгімелері жүргізілді. Сондай-ақ тұрмыстағы балалар қауіпсіздігін сақтау бойынша 100-ден астам ақпараттық жадынама таратылды.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барынша мұқият болуға және қарапайым қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
