Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір күнде елордада бұрын көлік басқару құқығынан айырылған екі мас жүргізуші ұсталды

Бір күнде елордада бұрын көлік басқару құқығынан айырылған екі мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері Nissan Juke және Lada 21713  автокөліктерінің жүргізушілерін ұстады. Сағат 06.30-да 102 пультіне Nissan Juke көлігін алкогольдік мас күйінде қыз басқарып келеді деген ақпарат келген. Полицейлер Достық көшесінде көлікті тоқтатты, салонда мас күйдегі төрт адам болған. Тексеру кезінде көліктің мас иесі басқаруды өзінің 20 жастағы серігіне тапсырғаны анықталды, алайда ол да мас күйінде болған.

Сонымен қатар ішімдік ішкені туралы фактіні теріске шығармаған қыздың көлік құралын басқаруға құқығы жоқ болып шықты. Сараптамаға сәйкес, ол “жеңіл дәрежеде” мас күйінде болған.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды, қыз 20 тәулік мерзімге қамауға алынды.

Өткен жылдың қарашасында көлік құралын басқару құқығынан айырылған Nissan Juke көлігінің 20 жастағы иесі де жазадан құтылған жоқ. Көлікті басқаруды мас күйіндегі адамға бергені үшін ол ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Lada 21713 автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде көлікті басқара алмай, Skoda автокөлігімен соқтығысуға жол берген. Апат күндізгі уақытта Қабанбай батыр даңғылы мен Хусейн Бен Талал көшесінің қиылысында болған. Құжаттарды тексеру кезінде көлікті 28 жастағы жүргізуші басқарғаны анықталды. Сараптамаға сәйкес жүргізуші “жеңіл дәрежедегі” мас күйінде көлік жүргізген.

Сонымен қатар өткен жылдың сәуір айында сот шешімімен ол көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Алайда жазаға қарамастан жүргізуші мас күйінде рөлге қайта отырған. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі бойынша (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша тергеу амалдары жүргізіледі.

Сот шешімі бойынша тергеу жүргізу кезеңінде жүргізуші 2 айға дейінгі мерзімге қамауға алынуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру