Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бос орындар жәрмеңкесі: Ақтөбеде жастарға полицияда жұмыс ұсынылды

Ақтөбе қаласында 29 сәуір күні Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінде өткен ауқымды бос орындар жәрмеңкесіне Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері қатысып, жастарды ішкі істер органдарына қызметке шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған іс-шара биылғы түлектерді жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге студенттер мен жас мамандар белсенді қатысып, облыс орталығынан ғана емес, аудандардан келген жұмыс берушілер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар өңірдегі барлық құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысып, түрлі қызмет бағыттары бойынша мүмкіндіктер таныстырылды.

Жастардың басым бөлігі қаржы, психология, дене шынықтыру және құқықтану салалары бойынша полиция қызметіне орналасу шарттарына қызығушылық танытты. Әсіресе арнайы бөлімшелер қызметкерлері жастардың ерекше назарын аударып, олардан арнайы жасаққа қабылдану талаптары жөнінде жан-жақты мәлімет алуға ұмтылғандар көп болды.

Полиция қызметкерлері жәрмеңке барысында әрбір келушіге толыққанды түсіндірме беріп, жұмысқа қабылдану тәртібі, қажетті құжаттар тізімі, физикалық нормативтер мен денсаулық талаптары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында қызмет етудің ерекшеліктері мен артықшылықтары түсіндіріліп, жастарға түрлі бағыттар бойынша жұмысқа орналасу ұсынылды.

Ақтөбе облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының аға инспекторы Медет Кенжебектің айтуынша, жастардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығы жоғары. Жәрмеңкеге қатысушыларды тек жұмысқа қабылдау тәртібі ғана емес, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері, атап айтқанда жалақы мөлшері мен тұрғын үймен қамту мүмкіндіктері де қызықтырған.

Полиция өкілдері жастарды қаржыгер, тергеуші, патрульдік полиция қызметкері және басқа да бағыттар бойынша қызметке шақырып, ішкі істер органдарында еңбек етудің артықшылықтары туралы кеңінен ақпарат берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру