Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да барымташылардың “аңшылық кәсібі” тоқтатылды

Батыс Қазақстан облысында барымташылардың “аңшылық кәсібі” тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Батысқазақстандық полиция қызметкерлері Ресейдің көршілес облыстарымен шектесетін Батыс Қазақстан облысындағы аудан аумақтарында және Атырау облысының өзінде мал ұрлығымен айналысып жүрген мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады.

Бұл топтың мал ұрлау “әдістері” де ерекше болған. Олар жайылымда бақташысыз жайылып жүрген малдарды атып, малдың етін ғана алып кеткен, бас-терілері мен ішек-қарнын далада қалдырып жүріпті.

 

Белгісіз біреулердің жайылымнан малды, соның ішінде жылқы малын атып алумен айналысып жүргені туралы ақпарат полицияға былтырғы жылдың соңында келіп түскен. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысының бірнеше тұрғындары мен Атырау қаласының үш тұрғыны осы санаттағы қылмыстық істер бойынша жәбірленуші ретінде өтіп отыр.

Полиция қызметкерлері оқиға орнынан малдың терілерін, бастары мен ішек-қарындарын тапты. Ұрыларды анықтау үшін жедел әшкерелеу жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Бұл қылмысты анықтау оңайға соқпады. Полиция қызметкерлері біраз тер төгіп, жұмыс жасауының арқасында баукеспелер құрықталды.

Қазіргі уақытта ұсталған адамдардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Сондай-ақ ұрланған етті өткізу арналары да тексерілуде.
Айта кетейік, облыс бойынша мал ұрлығы азайғаны байқалады. Былтырғы жылы бұл санаттағы қылмыс саны 16 %-ға азайды. 170 мал ұрысы ұсталып, 27 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Биыл екі ай ішінде мал ұрлығы бойынша 38 факті тіркеліп отыр. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жартысына кем деп айтуға болады.

 

– Бәріне мәлім, бұған себеп – малдың өрісте бақташысыз, қараусыз еркін жайылып жүруі. Былтыр мал ұрлығының 80%-ы дерлік еркін жайылыста орын алған. Мал ұрлығы жөніндегі 142 хабарлама расталған жоқ. Қараусыз жүргендіктен мал жайылыста өріп, бір аумақтан екінші аумаққа өтіп кете береді. Ұрланған малдың 69,4%-ы иелеріне қайтарылды, – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерлан Арыстанов.

Сондай-ақ ол былтыр Қылмыстық кодекске мал ұрлығы үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер енгізілгенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру