Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Далалық жердегі өрт сөндірілді

Павлодар облысының өрт сөндірушілері далалық жердегі екі өртті сөндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен тәулікте Павлодар облысында жеті өрт және жиырма өртену оқиғасы орын алды. Бұл туралы Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов баяндады.

Кеше Шарбақты ауданында басталған өрт мың гектарға жуық аумақты қамтыды, – деді Ернұр Өтегенов. От Павлодар ауданының шекарасынан басталып, Жылыбұлақ ауылдық округінің Қосқұдық ауылына дейін жақындады. Бұл ауылда он екі үй, отыздай тұрғын бар. Өрттен шыққан қалың түтіннен қорғау мақсатында Шарбақты ауданының әкімдігі 14 адамды, оның ішінде он баланы аудан орталығындағы №2 мектеп-интернатқа жеткізді. Өрт сөндіруге ТЖД-ің 3 техника бірлігі мен тоғыз қызметкері, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 21 адам мен 9 техника бірлігі қатысты. Өрт  сөндіру жұмыстарын жүргізу кезінде қатты жел қиындық тудырды. Осыған байланысты Павлодар қаласынан “Өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару жұмыстары” ММ-ің 12 қызметкері мен 3 көлігі аттандырылды. Өрт сөндіру колоннасы жол-жөнекей Хмельницкое ауылы мен Маралды станциясының маңындағы көлемдері алты және он гектар жердегі өртті қысқа уақыт ішінде сөндірді.  

Өңірлік ТЖД-ің басшысы Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтағы тағы бір өрт туралы айтып берді. Александровка ауылдық округіне қарасты Николаевка ауылының жанында ауданы 240 гектар алты бөлек аумақта өртену орын алды. Облыстық ТЖД-і мен ерікті өрт сөндіру бригадаларының бірлескен әрекеттерінің нәтижесінде өрт толықтай сөндірілді. Отқа тосқауыл қоюға ҚР ҰҚК-ің шекаралық қызметі де ат салысты. Нақты іс-әрекеттердің арқасында өрт сөндірушілер оттың Шарбақты ауданымен шекаралас Алтай өлкесінің аумағына өтуіне жол бермеді.

Жылыбұлақ ауылдық округіндегі өрті сөндіру кезінде ерікті өрт сөндіру құрылымының мүшесі қолдары мен бетін күйдіріп алды. 1968 жылғы ерікті Шарбақты орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің хабарлауынша науқастың жағдайы бір қалыпты.

Қазіргі таңда өрттің себептері анықталып жатыр, материалдар құзыретті органдарға жіберілді. Е.Өтегенов дала өрттері мен өртенулердің басты себебі адами факторға тәуелді екендігін атап өтті.

– Біріншіден бұл тұрғындардың отты абайсыз пайдалануына байланысты, – деді Ернұр Өтегенов. – Қазіргі кезде жер пайдаланушылар су жіберу кезеңінің алдында рұқсатсыз қау шөпті өртеп жатыр.

Өңірлік ТЖД-ің басшысы облыс азаматтарына, әсіресе, жер пайдаланушыларға жеке басының пайдасын ғана емес, өз денсаулықтарын ойлауға өтініш жасап, рұқсатсыз өрт жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар екендігін естеріне салды. Өртке қарсы кезеңнің басынан бері облыстың үш тұрғыны рұқсатсыз өрт қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың бірі – даладағы шөптің қалдығын өртеген Май ауданы Маалайсары ауылының тұрғыны. 

Айта кету керек, жиырма бірінші наурыздан бері Павлодар облысының аумағында жалпы аумағы 3437,4 гектарды құрайтын 120 өртену орын алды. Оның ішінде жалпы ауданы 3025 гектарды құрайтын 60 өртену елді-мекендерден тыс жерлерде орын алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру