Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дәретханаға түсіп кеткен 2 баланы құтқарған сарыағаштық сақшы марапатталды

Дәретханаға түсіп кеткен екі бірдей баланы құтқарған сарыағаштық сақшы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл оқиға былтыр мамыр айында болды. Сарыағаш АПБ кезекшілігінің 102 нөміріне әйел адам хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханасының ішіне өзінің үш жасар ұлы мен 10 жастағы қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып көмек сұрады. Хабарламаны бірінші болып алған Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторлары Нұрдаулет Еділов, Асыл Ережепов пен Айсұлтан Сапар оқиға орнына аттанды. Олар екі минут ішінде тұрғынның үйіне жетті. Балалардың өміріне қауіп төніп тұрды, 5 метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жастағы қыздың иығынан келіп тұрды. Жасөспірім үш жасар інісі нәжіске батып кетпеуі үшін көтеріп алған. Полицейлер құтқарудан кешіксе балалар иістен уланып мерт болуы да мүмкін еді, сондықтан олар жедел түрде әрекет етіп, бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралмен бұзды. Полиция капитаны Нұрдәулет Еділов 5 метр тереңдіктегі әжетхана ішіне түсіп, балаларды алып шықты.

Риясыз алғысқа бөленген сақшы Нұрдаулет Еділов арнайы Нұр-Сұлтан қаласына шақырылып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

Бүгінде учаскелік инспектор Нұрдәулет әріптестерімен бірге 21 000 тұрғыны бар Қапланбек ауылдық округінде қызмет етеді.

– Президентіміз өзінің жолдауы арқылы учаскелік полиция инспекторларына сенім артып, жағдайымыздың жасалуына ықпал етіп отыр. Бірінші кезекте халыққа қызмет етуді басты орынға қойып, жұртқа жақын полиция қағидатын іске асыруды жүктеді. Сондықтан бүгінде халықпен тығыз байланыстамыз. Азаматтар жеке телефоныма хабарласса, жұмыс орныма келіп жатса уақыт созбай мәселесіне қараймын. Қолайсыз отбасылар, мерзімінен бұрын шыққан азаматтардың үйлеріне барып, жиі хабар аламын, – деді Нұрдәулет Еділов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру