Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Департамент бастығы аудан тұрғындарын қабылдады

Полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесіп, жергілікті тұрғындарды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылдың 2 желтоқсаны күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан Шиелі және Жаңақорған аудандарына қызметтік іссапарға барды. 

Іссапар Жаңақорған ауданынан басталды. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде Бектөре Жеңісбайұлы аудандық полиция бөлімінде азаматтарды қабылдады. Мұндағы мақсат – халықтың көкейіндегі сауалдарын тыңдау, олардың талап – тілектеріне зейін қою, шешуге атсалысу.

Тұрғындар түрлі сипаттағы шағымдарымен және сауалдарымен жүгінді.
Бектөре Жеңісбайұлы қабылдауға келген азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият тыңдап, толыққанды жауап беріп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатын жеткізді. Қызмет басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қосымша зерделеуді қажет ететін материалдарды жеке бақылауына алды.Бұдан бөлек, іссапар кезінде Бектөре Жеңісбайұлы аудан депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және ардагерлермен кездесіп, олардың сауалдарына жауап беріп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Халық қалаулылары мен ардагерлер полиция қызметіне оң бағаларын беріп, аудан көлемінде қылмыс деңгейінің төмендегенін, полиция қызметкерлерінің ішінен өз қызметін адал атқаратын учаскелік полиция инспекторларын атап өтті. Республикамыздың Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың учаскелік полиция инспекторларының материалдық-техникалық жағдайына аса мән беріп отырғандығын қолдайтындарын, бұл бағытта өз тараптарынан аудан басшылығына ұсыныстарын білдіретіндігін жеткізді. 

Сонымен бірге Департамент бастығы аталған екі ауданда полиция бөлімдерінің жеке құрамының қатысуымен жедел кеңестер өткізді. Кеңес барысында аудандық полиция бөлімдері бастықтарының есептері тыңдалды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларын күшейту тапсырылды.

Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіп, қызметкерлерді құқық бұзушылықтардан аулақ болып, Әдеп кодексінің қағидаларын сақтауға және жауапкершілікті күшейтуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру