Департамент бастығы аудандарды аралады
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Арал және Қазалы аудандарына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті бастығының аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Бектөре Сұлтан Арал және Қазалы аудандары полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесіп, учаскелік полиция пункттерінің жұмысымен танысты.
Полиция департаменті басшылығының қатысуымен өткен жедел кеңесте бөлім басшылары 2020 жылдың 11 айында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Жалпы, облыс орталығынан шалғайда орналасқан бұл екі ауданда қылмыстық ахуал тұрақты. Кеңесте жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары және жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері талқыланды.
Бектөре Жеңісбайұлы аудандық полиция бөлімдері қызметінің барлық салаларына жеке тоқталып, нақты нұсқаулар берді. Сонымен қатар әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі туралы ескертіп, оларды сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге, елге адал қызмет етуге шақырды.
Департамент бастығы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдаған Бектөре Жеңісбайұлы айтылған мәселелерді шешуді бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Департамент бастығының аудандарға жұмыс сапары барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларын күшейту мәселелері ғана емес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін мәжіліс және мәслихат депуттарын сайлау науқанында қоғамдық тәртіпті сақтауға дайындық жұмыстары да пысықталды.