Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дина Әубәкірова полициядағы қызметі туралы айтып берді

Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.

Қазіргі таңда жасөспірімдердің тәртібін қадағалап, бақылауда ұстау – полицейлерге жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бұл қызметтің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтау ұзақ жыл еңбектің арқасында келеді. Ал Дина Әубәкірова осы саланың нағыз маманы. Дина алғаш құқық қорғау органындағы қызметін Жетісай аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. Міне, содан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де, бір лауазымнан тапжылмай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тынбай еңбектеніп келеді.

Дина Әубәкірова 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданында дүниеге келген. Атасы Сайын Әубәкірұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан келген соң зейнет жасына дейін Ішкі істер органында абыройлы қызмет атқарған. Атасының жолын жалғаймын деген бойжеткен мектептен түлеп ұшқан соң оңтүстік өңірге ЖОО-ға түседі. Оқуды ойдағыдай аяқтап, құқық қорғау органына қызметке орналасады. Содан арман қуып келген солтүстік өңірдің аруы оңтүстікте қалаған жұмысын жасап, өмірлік серігін кезіктірді.

– Мен мектепті тәмамдаған соң Сайын атамның ізін жалғаймын деп әкемнің қолдауымен өз жолымды таңдаған болатынмын. Әлі күнге бір полиция бөлімінде, бір лауазымда қызмет атқарып келемін. Әрине, үйренген жұмыс, бірақ қиыншылығы да аз емес. Жасөспірімдермен жақсы қарым-қатынас жасап, елдің болашақ тұлғаларының қауіпсіз қоғамда жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін тыңғылықты жұмыс жасауға тура келеді. Оның үстіне өзім учаскелік полицейлер әулетіне келін болып түстім. Қайын атам учаскелік полиция инспекторы болып, капитан шенімен құқық қорғау органынан зейнеткерлікке шыққан. Жолдасым да осы лауазымда қызмет атқарады. Қазіргі таңда екеуміз де әкеміздің мерейін үстем қылып, майор шенін иығымызға тақтық.

Жұмысы да, отбасы да құқық қорғау саласымен тікелей байланысқан Дина өзіне жүктелген міндеттің жауапкершілігін жақсы түсінеді. Өзі екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған ана болған соң әрбір жеткіншекке баласындай қарауға тырысады. Себебі жұмысына деген адалдығы, жасөспірімдерге деген қамқорлығы ерекше.

Бұл қызметтен орын ауыстырғысы да келмейді. Полиция майорының басты мақсаты – қоғамдағы тыныштықты күзетуге, келешек ел тізгінін ұстар саналы ұрпақтарды тәрбиелеп, бәсекеге қабілетті жастардың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосу. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру